Ұсақ моториканы дамытуға арналған 7 ойынды назарларыңызға ұсынамыз:
Ойын: “Күлбике”
Жасы: 1,5-5 жас аралығы
Қажетті заттар: араласқан дәндер ( фасоль, бұршақ, күріш, қарақұмық, т.б.) немесе түрлі пішіндегі (түрлі түске боялған) макарон өнімдері, қажетіне қарай бос ыдыстар
Ойын барысы: араластырылған дәндер алынып, балаға оларды ыдыстарға ажыратып салу ұсынылады. Не болмаса түрлі пішінді макарон өнімдерін алуға болады. Оларды алдын ала түрлі түске бояса балаларға ойын қызығырақ болады. Әрі олардың түстерді ажырату қабілеттері дамиды.
Ойын: “Сиқырлы қапшық”
Жасы: 3-5 жас аралығы
Қажетті заттар: балаға таныс 8-10 ойыншық не ұсақ заттар, әдемі қапшық
Ойын барысы: қапшыққа ойыншықтар не ұсақ заттар орналастырылып, ауызы жабылады. Бала көзін жауып, қапшықтан бір затты алады. Ол сипап сезу арқылы заттың атын атауы не оны сипаттап беруі керек. Ойынды бірнеше баламен сайыс түрінде де өткізуге болады. Көп затты дәл тауып атаған бала жеңімпаз атанады.
Ойын: “Жіп орайық”
Жасы: 2-3 жас аралығы
Қажетті заттар: тоқыма жіп, қатты қағаз 10*5см
Ойын барысы: балаға тоқыма жіпті орау ұсынылады. Алғашында қатты қағазға орап үйренген бала, кейін өзі де жіпті оңай орайтын болады.
Ойын: “Ұяшықтарға сал”
Жасы: 1,5-2,5 жас аралығы
Қажетті заттар: ұяшықтары бар конфет қорабы мен екі түсті өте ірі ілгектер не моншақтар
Ойын барысы: алдымен өзіміз ілгектерді ұяшықтарға
салып көрсетеміз. Бала ұяшықтарға салып үйренген соң, түстеріне сәйкес орналастыруға дағдыландырамыз (алдымен өзіміз үлгі береміз).
Ойын: “Мозайка құрастыру”
Жасы: 2,5-5 жас аралығы
Қажетті заттар: мозайка
Ойын барысы: балаға мозайка және оның арнайы тақтайы беріледі. Ол мозайкалардан өзі қалаған бейнені жасап шығаруына болады. Алғашында гүл, үшбұрыш секілді оңай жасалатын бейнелерді құрастыруға дағдыландыру керек.
Ойын: “Моншақтарды тіз”
Жасы: 2 жас және одан жоғары
Қажетті заттар: түрлі көлемдегі моншақтар не ілгектер, боялған макарон өнімдері.
Ойын барысы: балаға жасына сай таңдалған моншақтар не ілгектер, болмаса боялған макарон өнімдері мен баулар беріледі (алғашқыда ірілері, жіпке тізіп дағдыланған соң ұсақтары). Оған қуыршаққа не өзіне әдемі моншақтар тізу ұсынылады. Бастапқыда бауға тізу ұсынылса, кейін кәдімгі жіпке тіздіруге болады.
Ал ортаңғы және ересек топ балаларына түрлі түсті қағаздарды умаждау арқылы моншақтарды жасап, инемен тізу ұсынылады. Ойын барысында балалардың аузына салып алмауы, инемен мұқият жұмыс жасауы қадағаланады.
Ойын: “Қыстырғыштар”
Жасы: 2 жас және одан жоғары
Қажетті заттар: түрлі түсті қыстырғыштар, қатты қағаздан не ПВХдан қиылған түрлі бейнелер, жіп, т.б.
Ойын барысы:
І нұсқа: балаға жасына сай қағаздан не ПВХдан қиылған бейнелер (кірпі, шырша, тарақ, күн, т.б.) беріліп, оның қажетті детальдарын қыстырғышпен толықтыру ұсынылады.
Ортаңғы топ және ересек топ балаларына алдын ала сызылған бейнені қиып алып, түрлі түсті қарындаштармен бояп, қыстырғышпен толықтыру ұсынылады.
ІІ нұсқа: балаларға қуыршақтың киімдерін, не өздерінің бет орамалдарын жуып, қыстырғыш көмегімен жіпке тізу ұсынылады.
Жалпы қыстырғыштармен түрлі ойындар ойлап табуға болады, мысалы, түстеріне қарай топтастырып, мұнара жасау, жол жасау, т.б. Ең бастысы ұшқыр қиял мен өз ісіңе деген сүйіспеншілік болса болғаны.
Айман Қайратқызы